График работы:
с 08:00 - до 18:00

Астана қаласы әкімдігінің №3 көпбейінді қалалық ауруханасында қызметкерлерге қауіпсіздік кодтары бойынша практикалық оқыту циклі өткізілуде.

Іс-шаралар медициналық ұйымды аккредиттеуге жүйелі түрде дайындау аясында ұйымдастырылып, жыл сайын 17 қыркүйекте атап өтілетін Дүниежүзілік пациенттер қауіпсіздігі күніне орайластырылған.

2026 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл күнді «Жұқпалы емес аурулар кезінде қауіпсіз медициналық көмек» тақырыбымен және «Өмір бойы қауіпсіз медициналық көмек!» ұранымен өткізеді.

Дайындықтың негізгі бағыттарының бірі – көк код жарияланған кездегі іс-қимыл алгоритмін үйрету. Көк код қан айналымы немесе тыныс алу кенеттен тоқтаған жағдайда, сондай-ақ адамның жағдайы күрт нашарлап, мамандандырылған топты шұғыл шақыруды және реанимациялық шараларды дереу бастауды қажет еткен кезде іске қосылады.

Кафедра қызметкері Иванова Марина Петровна командасымен бірлесіп, күн сайын аурухананың түрлі бөлімшелерінде оқыту жүргізеді. Сабақтар тікелей жұмыс орындарында өтіп, көк кодты жариялау алгоритмін, команда мүшелері арасында міндеттерді бөлуді, көмек шақыруды, базалық жүрек-өкпе реанимациясын бастауды, қажетті жабдықтарды дайындауды және қызметкерлердің өзара үйлесімді әрекетін бағалауды қамтиды.

Негізгі назар алгоритмді білуге ғана емес, қызметкерлердің шұғыл жағдайда жылдам, сабырлы әрі үйлесімді әрекет етуге практикалық дайындығына да аударылады. Сын сағатта әр минут, нақты коммуникация және әр қызметкердің өз міндетін түсінуі аса маңызды.

Дайындық бағдарламасына өрт, зорлық-зомбылық қаупі, баланың немесе пациенттің жоғалуы, зардап шеккендердің жаппай түсуі және басқа да төтенше жағдайлар кезінде қолданылатын өзге де қауіпсіздік кодтары кіреді. Оқыту аурухананың барлық клиникалық және қосалқы бөлімшелерінде кезең-кезеңімен жүргізілуде.

№3 көпбейінді қалалық аурухана үшін аккредиттеуге дайындық – талаптарды формалды түрде меңгеру ғана емес. Бұл қолданыстағы үдерістерді тексеруге, осал тұстарды анықтауға және пациенттер, келушілер мен қызметкерлер үшін медициналық көмекті одан әрі қауіпсіз етуге мүмкіндік береді.

17 қыркүйекте №3 көпбейінді қалалық аурухана Дүниежүзілік пациенттер қауіпсіздігі күніне қосылады. Тақырыптық апта аясында практикалық сабақтар, оқу симуляциялары, қызметкерлермен сұхбаттар және ауруханада бірыңғай қауіпсіздік мәдениетінің қалай қалыптасып жатқаны туралы материалдар ұсынылады.

Пациент қауіпсіздігі – әрбір қызметкердің жауапкершілігі және бүкіл команданың бірлескен жұмысының нәтижесі.

Полезные ссылки