
Hong Kong International Medical and Healthcare Fair - Азиядағы ең ірі халықаралық медициналық көрмелердің бірі. Іс-шараны Hong Kong Trade Development Council (HKTDC) – Гонконгтың сауданы дамыту кеңесі ұйымдастырды.
Көрме жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен медициналық жабдық өндірушілерін, клиника өкілдерін, инвесторларды, стартаптарды, дистрибьюторларды және денсаулық сақтау саласының сарапшыларын біріктіреді.
2026 жылғы көрменің басты тақырыбы: «Innovations Boosting Smart Health Experience» («Зияткерлік медициналық тәжірибені жетілдіретін инновациялар»).
Іс-шарада медицинадағы жасанды интеллектіні дамытуға, роботтандырылған шешімдерге, цифрлық диагностикаға, телемедицинаға, егде жастағы адамдарға арналған технологияларға, профилактикалық медицинаға және медициналық стартаптарға ерекше назар аударылды.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, көрмеге биотехнология, медициналық жабдықтар, цифрлық денсаулық сақтау, зертханалық шешімдер, оңалту және медициналық мекемелерді жабдықтау саласындағы заманауи әзірлемелерді таныстырған 300-ден астам компания мен ұйым қатысты.
Көрме мен саммит аясында аурухана өкілдері денсаулық сақтауды цифрландыру саласындағы озық халықаралық тәжірибелермен, инновациялық медициналық технологиялармен және медициналық көмекті ұйымдастырудың заманауи тәсілдерімен танысты.
Сонымен қатар халықаралық іс-шараларды ұйымдастырушылармен, медицина саласының өкілдерімен және денсаулық сақтаудағы ЖИ саласының сарапшыларымен кездесулер өтті. Олардың қатарында Қазақстандағы Жасанды интеллектіні дамыту қауымдастығының GR-директоры Әсел Абақова да болды.
Жасанды интеллект пен ауруларды ерте диагностикалау бағытындағы әзірлемелер ерекше қызығушылық тудырды. Іс-шара барысында аурухана өкілдері қазақстандық дәрігер-офтальмолог, кванттық офтальмология саласындағы әлемдегі жалғыз сарапшы Мұхит Құлмағанбетовпен кездесті. Ол көздің тор қабығы ауруларын ерте анықтауға арналған жасанды интеллект технологияларын әзірлейтін зертхананы басқарады, сондай-ақ беделді Hong Kong ICT Awards халықаралық сыйлығының лауреаты.