Мемлекет басшысы масылдықтан, жалқаулықтан алшақ болуымыз қажет екенін айтты.
Президент еңбекқорлықтың, біліктіліктің идеологиясын көтеру керек деген пікір білдірді деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың QAZAQSTAN телеарнасының тілшісіне берген сұхбатында айтылды.
«Расында шетелде жүрген білікті мамандарымыз аз емес. Бұл үшін ешкімді айыптауға болмайды. Қазір – жаһандану заманы. Адам қай жерде сұранысқа ие болса, сол жерге барып жұмыс істеуге қақы бар. Оған ешкім кедергі жасамайды. Біз өз саласында табысқа жеткен азаматтарды бұған дейін де шақырғанбыз. Елге қайтып келген отандастарымыз да бар. Бірақ, шындығын айтуымыз керек, елімізге білімі жоғары, парасатты адамдар керек. Жалпы, адами капитал жоғары болуы қажет. Жалпақ тілмен айтсақ, Отанымызға келген адамдардың сапасы неғұрлым жоғары болса, елімізге соғұрлым тиімді болады», − дейді Президент.
Мемлекет басшысы масылдықтан, жалқаулықтан алшақ болуымыз қажет екенін айтты.
«Меніңше, біз бұрын үлкен идеологиялық қателік жібердік. Шетелге, яғни Орта Азиядан Ресейге кеткен жұмысшыларға күліп, «Қараңыздар, олар қара жұмыспен айналысуға мәжбүр болды, ал бізге келгенде, бірде-бір қазақ шетелде жұмыс істемейді, жайбарақат жүрміз» деп қатты мақтандық. Кез келген еңбекті жоғары бағалау қажет, солай емес пе? Бүгінгі күні Орта Азиядағы жұмысшылар Ресейде еңбек етіп, күн көріп жатыр. Ал, біздікілер еңбек бәсекесіне шыдай алмайтын болды. Өкінішке қарай, бұл «сырьевое проклятье», яғни «шикізатқа тәуелді болудың» салдары», − деді Мемлекет басшысы.