График работы:
с 08:00 - до 18:00

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «№3 Көпбейінді қалалық ауруханасы» ШЖҚ МКК №1 тері және зең ауруы бөлімінің аға медбикесі Марина Макиенко медбикелік қызметте жүргеніне аттай 32 жыл. Ол медбикеге ең керегі – мейірімділік дейді.
«...Алғашқы инъекцияны көрші Надя апайдың қадағалауымен салғаным әлі күнге есімде». Сонау 1992 жылдан медбикелікті таңдаған Марина Макиенко әлі күнге дейін мамандығына деген адалдығынан айныған емес. «Болашақта кім болғың келеді» дегенде ол өзгелер сияқты фильм немесе кітап кейіпкерін емес, көрші Надежда апайын үлгі тұтқан.

Надя апай

Надежда Гавриловна Доскач аудандық ФАП-та (фельдшерлік-акушерлік пункт) фельдшер-акушер, одан кейін сол кездегі Целиноград станциясының теміржол ауруханасындағы неврология бөлімінде қызмет еткен. Тәжірибесі мол маман қызметі, пациенттері жайлы көп әңгімелейтін. Медицина училищесінің бірнеше буынына жетекші болды. Мен бүгінгі жетістігіме алдымен ата-анамның, содан кейін Надя апайдың арқасында жеттім. Әлі күнге дейін оның кеңесін тыңдаумен келемін. Тұнған тәжірибе. Медицинадан алыс адамдар үшін кітап жазуға сұранып тұрған әңгімелері кімді де болса еліктірері сөзсіз. Ол кісінің тәжірибесі мен үшін білім бұлағы. Өйткені, медицина саласында қызмет ету – ең алдымен әр науқасқа психологиялық бағыт таба білуді білдіреді. Қазір Надежда Гавриловна зейнетте, жасы сексенге жақындаса да қолының ептілігі мен көзінің қырағылығын жоғалтпаған. Мен алғашқы инъекциямды осы Надя апайдың қадағалауымен салдым. Бала кезден-ақ, болашақ мамандығым айқындалған еді, дәрігер емес, медбике боламын деп нық шештім, - дейді ол.

 

Марина медицина саласының кез келген бағытында қызмет ететін медбикелерді дәрігер мен пациент арасындағы алтын көпір деп санайды. Оның айтуынша, дәрігер науқасқа қандай ем-дом шарасы керегін белгілеп берсе, медбике оны бұлжытпай орындайды, дәрігердің жұмысына ыңғайлы жағдай жасайды, яғни, олар дәрігердің білікті, сенімді көмекшісі.

 

Дәрігердің нұсқаулығын орындай отырып, медбике науқастың өзімен, жақындарымен байланысқа түседі. Тиісінше, науқас және оның туыстары медбикеден кәсіби біліктіліктен бөлек, жылулық күтеді. Медбикенің науқаспен арадағы қарым-қатынасы науқасты қорғау бағыты бойынша құрылады. Сапалы ем жүргізу, пациенттің өміріне деген құрмет пен жанашырлық, кәсіби құпияның сақталуы, паллиативті медициналық көмектің риясыз көрсетілуі – медбикеден талап етілетін дүние осы, - дейді Марина Яновна.

Медбикенің бойындағы әрбір қасиет пациенттің сеніміне құрылғаны жөн. Тіпті, сыртқы бейнесі, шаш үлгісі, жүзіндегі әрбір эмоция шектен шықпауы керек. Марина науқас жас бала болса да оған «сіз» деуді дұрыс көреді.

 

Науқас пен медбике арасында серіктестік қарым-қатынас болуы үшін науқас сіздің оған қол ұшын бергіңіз келетінін сезіне алуы қажет. Тек сонда ғана медбике оның жеке басы, дерті жайындағы ойы, үміті мен жазылып кетуге қатысты ниеті сияқты өзіне керекті ақпаратты білуге мүмкіндік беретін ашық диалог жасалады, - дейді Марина.

Оның тағы бір ұстанымы – медбике өз мамандығының абыройын сақтауы шарт. Өйткені, кез келген ұйымдағы сияқты медициналық медбике де еңбек тәртібін, моральдық кодексті, өзінің құзыретіндегі барлық қызметті жіпсіз атқарады. Медбике немқұрайдылыққа жол бермеуі керек, ол пациенттердің жасына немесе жынысына, ауруының сипатына, нәсіліне немесе ұлтына, діни немесе саяси сеніміне, әлеуметтік және қаржылық жағдайына немесе басқа да айырмашылықтарына қарамастан көмек көрсетуге үнемі дайын болуы қажет. Егер пациент өзгелермен салыстырғанда жақсырақ жағдайға қол жеткізгісі келсе, оның тарапынан сыйлық немесе жағымды ұсыныстар қабылдауына болмайды.

 

Сондай-ақ, кез келген медбике үшін пациентпен конфликтіге келу – стресс. Адам – жеке тұлға, егер ол медициналық мекемеге көмек сұрап келген науқас болса, конфликтіге келуге мүлдем болмайды. Дерт мазасын алған пациент көбіне бұрынғы өмір сүру режимінен қалыс қалып, ыңғайсыздық сезіне бастайды. Мұндай жағдайларда науқасқа (кейде оның туыстары мен жақындарына) ішіндегісін шығаруға мүмкіндік беру керек, бұл пациенттің эмоционалды күйзелісін азайтуға көмектеседі. Дәл осындай сәттерден кейін әдетте, орын алған жанжал басылады. Науқас қызметкерлердің әрі қарайғы әрекеттеріне сенім арта бастайды.Кез келген жағдайда, медициналық қызметкерлер ең алдымен, науқасты тыңдауы керек, - дейді Марина.

 

Марина Макиенко Қазақстан және Орталық Азиядағы алғашқы жоғары оқу орны саналған жоғары білімі бар медбике ісі мамандарын дайындайтын «Эмили» институтын тәмамдаған. Ол қазір «қолданбалы бакалавриаттан» «магистр» деңгейіне дейін медбике ісі мамандығы бойынша дипломнан кейінгі білімді жалғастыруға көптеген мүмкіндік пайда болғанын айтады. Марина отандық институттардың шетелдік университеттермен ынтымағы білім деңгейін арттыратынына сенімді. Нұр-Сұлтан қаласының Денсаулық сақтау басқармасы Қазақстанның өзге қалалары мен ТМД елдерінде біліктілік деңгейін көтеруге өтініштерді жиі қабылдайды.

 

«...Қорғаныш киімдерін киюден қолдарымыз дірілдейтін»

 

«COVID-19 бізді де айналып өтпеді», дейді медбике. «№3 Көпбейінді қалалық аурухананың» Дермотология блогы пандемия бастала сала карантиндік стационар үшін төсек-орын дайындаған алғашқы мекемелердің бірі.

 

Біз алдымен карантиндік, содан кейін провизорлық және инфекциялық стационарларда жұмыс істедік. «№3 Көпбейінді қалалық аурухана» ШЖҚ МКК басшылығы санаулы күндерде-ақ жұмысты ретке келтіріп, барлық қажетті заттармен қамтамасыз етті, қызметкерлер бұрын карантиндік режим жағдайында жұмыс істемегендіктен біліктіліктерін қайта арттыруына тура келді. Бұл дегеніміз – күшейтілген қорғаныш құралдары, санитарлық-эпидемиологиялық режимдегі талаптардың артуы. Бірақ, біз оны да еңсере алдық! Иә, алғашқыда қорқынышты болды, эпидемияға қарсы қорғаныш киімдерін киюден қолдарымыз дірілдейтін, алайда, ел басына күн туған шақта босаңсуға жол жоқ еді. Ең қиыны – инфекциялық стационарда болды, онда екі өкпесі зақымданған науқастар түсіп жатты. Карантин жағдайындағы медицина қызметкерлерінің жұмысы туралы көп айтылды, жазылды, әлі де айтылып жатыр. Бұл ешқашан ұмытылмайды, - дейді ол.

 

Тәжірибелі медбике әрбір адамға «өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз» деуден жалықпайды.

 

Қашықтықты сақтауды назардан тыс қалдырмаңыз, үнемі антисептик қолданыңыз, медициналық маскаларды дұрыс тағыңыз. Маска ауыз бен мұрынды тұтас жауып тұруы керек, масканың ішкі жағын қолмен ұстамаңыз. Қалалық көлікте жүргенде жолаушылардың масканы иекке, мұрынның астына тағып алатынын жиі байқаймын. Қолдарында телефон, есіктің тұтқасын, автобустардағы бағанды жалаң қолмен ұстайды. Сонымен бірге бетке қол тигізуден, көзді уқалаудан аулақ болған жөн. Жеке гигиена ережелерін сақтау арқылы ғана біз өзімізді өзге де инфекциялардан қорғайтынымызды естен шығармауымыз керек, - дейді ол.

Медицина тәрбиелейді

 

Маринаның пікірінше, медбике болуда мейірімділік қасиеті алғашқы орынға шығады. Алайда, бұл салада мінездің беріктігі де маңызды рөл атқарады.

 

Кей адамдар белгісі бір салада жұмыс істеп жүріп, күндердің күнінде өзінің мүлдем жат салада жүргенін түсінеді, мамандығын өзгертіп, білім-білігін арттырады, мүлдем өзге салаға ауысады. Біздің де қызметкерлер арасында алған білімі мүлдем басқа, бірақ қандай да бір себептермен өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаспаған, бірнеше жыл санитар болып қызмет еткен әріптестер бар. Олар уақыт өте медбике ісін меңгеріп алуға шешім қабылдаған. Осындай батыл медбикелерге құрмет ерекше. Себебі, олар жас мөлшеріне, отбасылы болғанына қарамастан, сүйікті мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны сәтті аяқтап, бүгінде жақсы жұмыс істеп келеді. Олар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Медбике үшін ең керегі мейірімділік екені анық. Алайда батылдық, жанашырлық пен сыпайылық, қарапайымдылық пен сенімділік, жанқиярлық та аса қажет. Бұл біреуде генетикалық тұрғыда бар болса, енді біреуде оқу, жұмыс процесінде қалыптасады. Қалай дегенмен де, медицина – тәрбиелейді, - дейді ол.
baq.kz
Полезные ссылки