Президент бұл мәселе жөнінде жақсы білетінін айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасына берген сұхбатында Назарбаевтың ескерткішін құлатқаны үшін қамауға алынып, арқасына үтік басылған адамға қатысты пікір білдірді.
«Адамдардың құқықтарының қорғалуына байланысты жаңа ғана өзіңіз айтып өттіңіз. Енді осыған тоқталайық. Күлбілтелемей бірден айтсақ, бұл азаптау фактілері туралы. Мысал үшін өзіміз де көрдік. Әлеуметтік желілердегі видеоларды, жазбаларды сай-сүйегің сырқырап қарайсың. Әсіресе арқасына үтік басылған талдықорғандық Азамат Батырбаев деген жігітке қатысты. Осыдан хабардарсыз ба?», – деп сұрақ қойды журналист Жайна Сламбек.
Президент бұл мәселе жөнінде жақсы білетінін айтты.
«Кейбір азаматтарымыз менің атыма бейнеүндеу жазып, әлеуметтік желілерде таратып жатыр. Мұны да біліп отырмын. Осыған байланысты мен Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға арнайы тапсырма бердім. «Шаш ал десе, бас алатын» әрекеттерге жол беруге болмайды», – деп атап өтті Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, қоғамдық комиссиялар өз жұмысына кірісіп кетті. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, белгілі құқық қорғаушылар: Айман Омарова, Жеміс Тұрмағамбетова, Абзал Құспан және басқа да заңгерлер жиналып, арнайы комиссиялар құрды.