Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметтеріне қарағанда, елорданың медициналық мекемелерінде бүгінгі таңда 472 бос жұмыс орны болса, олардың 180-і орта медициналық буын мамандарына тиесілі. Ruh.kz порталының тілшісі Нұр-Сұлтан қаласындағы №3 көпбейінді ауруханаға бас сұғып, мекемедегі зертханашылардың жұмысымен танысып қайтты.
Нұр-Сұлтан қаласы №3 көпбейінді ауруханасындағы жедел зертхананың аға зертханашысы Қаламқас Солтанбекова медицина саласында жұмыс істеп жүргеніне отыз жылдан асыпты. Ғажабы, осы ширек ғасырдан астам уақыт ішінде ол өзінің жұмыс орнын еш өзгертпеген. Әріптестері бұны аяулы жанның пейілінің кеңдігімен, көңілінің ашықтығымен түсіндіреді.
«Қаламқас Еңбекқызымен 2012 жылдан бері жұмыс істеймін. Сол уақыттан бері ол – менің оң қолым, адал көмекшім. Ол – жауапкершілігі жоғары маман. Құжаттардың барлығына ұқыпты қарайды. Жұмысты жақсы ұйымдастыра біледі. Осы күнге дейін еш ескерту алмаған. Оның мінезі де өте жұмсақ. Келеңсіз жағдайларды аға зертханашымыз байыппен реттейді. Барлығымен оңай тіл табыса алады. Жұмысқа бірінші келетін де Қаламқас Еңбекқызы, жұмыстан соңғы кететін де Қаламқас Еңбекқызы. Ол ертеңіне ешқандай іс қалдырмауға тырысады», - дейді №3 көпбейінді ауруханадағы жедел зертхананың жауапты дәрігері Гүлден Алдабергенова.
Жедел зертхананың аға зертханашы Қаламқас Солтанбекованың жұмыс күні сағат таңғы 08:00-де басталып, сағат 18:00-де аяқталады. Жұмысқа келісімен Қаламқас Еңбекқызы зертханадағы жабдықтардың жұмысқа дайындығын тексереді.
«Біздің зертхана тәулік бойы жұмыс істейді. Келген бетте түнгі уақытта кезекшілік атқарған мамандардың жұмысын қабылдаймыз. Біз көптеген анализдерді түрлі жабдықтарда жасайтындықтан олардың істен шықпауын қадағалаймыз. Жабдықтардың тазалығын бақылаймыз. Күні бойы осы құралдардың көмегімен қанның құрамындағы лейкоциттердің, эритроциттердің, тромбициттердің, сойенің мөлшерін, гемостазды, гемоглабинбді анықтаймыз, адамның бүйрегіндегі, бауырындағы өзгерістерді де көреміз», - дейді №3 көпбейінді ауруханадағы жедел зертхананың аға зертханашысы Қаламқас Солтанбекова.
Кейіпкеріміз Целиноград медициналық училищесін (қазіргі жоғары медициналық колледж) 1990 жылы тәмамдап, өз еңбек жолын қаладағы теміржолшылар ауруханасында зертханашы ретінде бастайды. Қаламқас Еңбекқызы медицинаға тосыннан келмегеннін айтады.
«Медицина саласын таңдауыма ата-анам септігін тигізді. Осыны кішкентайымнан құлағыма құйды. Әкем мен анам айтқаннан кейін менің де осы мамандыққа деген қызығушылығым оянды десе де болады. Ал зертханашы бағытын мен өзім таңдадым. Негізгі оқудан кейін екі ай зертханашыға оқыдым.
Шынымды айтсам, түрлі талдаулар жасаған маған өте қатты ұнайды. Микроскоппен жұмыс істеу барысындағы процесстерді көрген – ерекше әсер», - деді Қаламқас Еңбекқызы.
Аға зертханашы жұмысының өзінен дәлдікті, сауаттылықты пен шынайылықты талап ететіндігін алға тартады.
«Біз биохимиялық, патологиялық, микробиологиялық, гистологиялық, клиникалық-иммунологиялық, гемотологиялық талдау жүргіземіз. Күніне талдаудың үш жүздей түрін жасаймыз десем, артық айтпаймын. Сол себепті зертханашы, ең біріншіден, сауатты, адал болу керек. Ол өз ісіне жоғары жауапкершілікпен қарауы міндет. Адам денсаулығының қандай жағдайда екендігін зерттейтіндіктен, бізге дәлдік кажет, ешқандай қате кетпеуі керек. Біз жасаған талдаулардың негізінде науқасқа диагнозы қойылады. Міне, сондықтан бұл өте маңызды», - дейді кейіпкеріміз.
Қаламқас Солтанбекова медицина саласындағы зертханашы мамандығын таңдағандығына еш өкінбейді. Адал еңбегінің арқасында қызметінде ол қарапайым зертханашыдан аға зертханашы лауазымына дейін көтерілді. Қаламқас апа адамдар өз ісін сүюі керектігін үнемі айтып жүреді. Балаларына көрсеткені де еңбексүйгіштік, өз ісіне деген адалдық. Оның еңбегіне деген сезімінің албырттығы соншалық, өзінің үлкен қызы анасының жолын қуып, қаладағы зертханалардың бірінде биотехнолог болып жұмыс істейді.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласында медициналық білім беретін 5 колледж бар. Бұл: Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «Жоғары медициналық колледжі» ШЖҚ МКК, ««Томирис» медициналық колледжі» ЖШС, «Даналық» медициналық колледжі, «Шипагер» медициналық колледжі, «Республикалық медициналық академия» ЖШС колледжі.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі білім басқармасының мәліметтерінше, 2020 жылы елордадағы медициналық колледждерді 1025 түлек тәмамдаған. Бүгінгі таңда олардың 809-ы мамандығы бойынша жұмыс істеуде.