Президент қаңтар оқиғасы жайлы сұхбат берді
Дәл қазір QAZAQSTAN телеарнасының тілшісіне сұхбат беріп жатқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қанды қаңтар оқиғасы кезінде Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымынан әскер шақырғанына өкінбейтінін мәлім етті, дәп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президент бұл әрекеті арқылы біреуге қарыз болып қалдық деген бос әңгіме дейді.
«Сіз Владимир Путинге қоңырау шалып, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерін Қазақстанға шақырдыңыз. Бұл еліміздің дербестігін, егемендігін Ресейге телу деген сөз емес пе? Соларды шақырмаса болмайтын ба еді өзі? Қазір осы шешіміңізге өкінбейсіз бе?», деді сұрақ қойған телеарна тілшісі Жайна Сламбек.
«Өкінбеймін. Бұл ешқандай да өкіндіретін шешім емес. Керісінше дұрыс шешім болды деп ойлаймын. Өйткені, қарулы қарақшылар Алматыны қиратып, өзге қалаларға қауіп төндірді. Осы қарулы контингент болмаса, лаңкестер басқа да қалаларды басып алар еді. Қарулы шайқастар Талдықорғанда, Таразда, Шымкентте, Қызылордада болды. Елордада лаңкестердің дайындық жұмыстары байқалды, олар, тіпті, Ақордаға шабуыл жасауға дайын болды», – деді Президент.
Тоқаев кейбір беделді сарапшылардың пікіріне сүйене отырып, лаңкестер Қазақстанның басты екі қаласын басып алуды жоспарлағанын айтты.
«Бұл Сириядағы сценарийге ұқсас жоспар. Сол елде лаңкестер Дамаск пен Ракканы басып алуға әрекеттенген еді.
Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының әскерлері біздің елде бір де бір оқ атқан жоқ. Оны ашық айту керек. Олар тек негізгі стратегиялық нысандарды күзетіп тұрды. Осы кезде біздің күштік құрылымдар іске кірісіп, қарулы лаңкестерге тосқауыл қойды. Арамызда тек тығыз байланыс пен үйлесім болды», – дейді Президент.
Ал сұрақтың тоқетеріне тоқталған Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік шартының әскері ешкімнің жекеменшігі емес дегенді алға тартты.
«Ал енді «Путинге қарыз боп қалдық» дегенге келсек, бұл – бос әңгіме. Оны доғару керек. Біріншіден, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының контингенті В.Путиннің немесе Ресейдің жеке әскері емес. Бұл ұйымның әскери құрамы оған мүше елдердің бәріне ортақ. Онда Ресейден бөлек, Беларусь, Армения, Тәжікстан және Қырғызстанның әскери бөлімдері бар. Қазақстан да – осы ұйымның толыққанды мүшесі әрі негізін қалаушысы. Сондықтан, бәрі – заңды, қисынды», – деді Тоқаев.